×
Menu

Оскенбаев Алмас Адильбекович

Home

Ұстазымның ең қымбатты сөздері

16.07.2021

Сынып жетекшіміз Гүлсім Ахметова бізге математика пәнінен сабақ беретін. Жылдар бойы біздің ең жақсы қасиеттерімізді жинақтап, әр-қайсымызға арнап өлең шығарып, біз мектеп бітірген күні соңғы қоңыраудың үстінде өлеңдерін оқып, қағазға жазып таратып берген еді. Бұл өлең шумақтарында әр шәкіртінің жақсы қасиеттерін жазған болатын.

Соңғы қоңыраудың сылдыры басылып, өздеріне арналған өлеңдерін оқыған түлектерден: «Шынында да бұл қасиеттер мен туралы ма?» – деген әңгімелері естіліп жатты.

Қолдарына берілген мұғалімнің хатын дауыстап оқып, мектеп алаңында талқылаған жоқпыз. У-да-шу болып, үйге қайтып кеттік. Бірақ, бұл хатта жинақталған менің жақсы қасиеттерімнің тізімі өмір бойы жүрегімнің түкпірінен орын тапты. Мектептен кетіп бара жатқан әр шәкірттеріне сенімділігін білдіріп, болашаққа бағдар тілегін екі шумақпен жеткізе білген, біздің апайдың педагог-ұстаз ретіндегі шеберлігін айтсаңшы?!

Арада қаншама жылдар өтті.

Оқу оқыдық, әскерде болдық, жанұя құрдық, түрлі сала мамандары болдық. Әр түрлі өмір кезеңдерін өткердік. Бірақ, қай жерде болсам да, хатта жазылған жақсы қасиеттерімнің тізімі есімде жүретін. Ұстазымның ең қымбатты сөздері мені жақсы істерге жетелейтін. Мақсаттарымның мәресіне жеткізген де – «Ұстазымның ең қымбатты сөздері».