×
Menu

Оскенбаев Алмас Адильбекович

Home

Майқап. Құрман аға туралы әңгімелерден үзінді.

10.02.2022

Ұйқыдан көзімді ашқанда көретінім, көкжиекті көлбеп тұратын сала-сала жоталар. Ауыл маңындағы қарағандар өте биік болып өсетін. Арасынан жайылған ірі-қара малдары көрінбейтін. Көп жерлерде болсам да, ондай биік қарағанды еш жерден көрмеппін. Гүлдеген кезді көрсең ғой, қарағанды қырдың акациясы,- дер едім. Бұл менің Майқапшағай ауылым. Біз оны – «Майқап»,- деп айтатынбыз.

Майқап кедендік шекара бекеті болғандықтан, қытайдан бері қайтқан қазақтар карантиндік тексеруден өтетін. Біз қандас бауырлармен ойнауға баратынбыз. Олар ұлттық үлгімен киінетін. Ши барқыттан өрнектеп тігілген киімдерінен қазақы салт-дәстүріміздің нышаны айқындалып тұратын. Олардың сөз саптау нақышы бізге ала бөтендеу, басқашалау болып көрінетін. Дегенмен, ойынымыз тәтті, кешке дейін асық ойнап жүретінбіз.

Бірінші сыныпқа да осы Майқапта бардық. Ауылда бес жылдық мектеп болатын. Біз Кәрім деген мұғалімнен оқыдық. Ол кісі соғысқа қатысқан, бетінде майданнан алған жарақат тыртығы бар қатал кісі еді. Біздің қорқатынымыз сондай, көшеде көзіне түспеуге тырысатынбыз. Бірақ, әріпті осы ағамыздың арқасында таныдық. Қаламды, осы ағамыздың әдісімен ұстаймыз. Екінші сыныпта мектептің кіші кітапханасын толық аяқтап, «Достық» газетінің жылдармен жиналған «подшивкаларын» сабақтан қалып, кешке дейін май шам жағып оқитынбыз. Оқушының қоғамы – оның мектебі,- дегендей біздің білімнің бастауы осы газеттегі мақалаларда болатын. Бала кездегі қиялым ғой, Достықты оқып отырып, тілші болуды армандаушы едік. Қазір міне болашақтағы көзқараспен қарап отырсақ, менің шығармашылық өнерге деген сүйіспеншілігімді қалыптастырған – мектеп пен мұғалім екен.

1966 жылы жұт болды. Қарашада қалың қар түсіп, қыстан жайылыммен шығатын малдар ашықты. Совхоз басшылығы теріскейдегі табындарды Қабырғаталға көшірді. Менің ағаларым – Мұхаметбек пен Әнуарбек баққан бір табын қой, Қараталдың маңындағы Ақсу деген қыстауға жіберілетін болды. Мен негізі Мұхаметбектің тұңғышымын. Әнуарбек оның інісі. Қазақы салтты білесіздер. Мені бала кезімде атамыз Өскенбай бауырына тартып, өз балаларын «сенің ағаларың»,- деп өсірді. Сөйтіп, біз «үлкен аға» және «кіші аға»,-деп атап кеттік.
Қысқы каникул өтіп, сабақ басталған. Мектептен келсем, үйдің ауласында жүк машинасы тұр. Апам абыр-сабыр, көрпе-жастық, алаша, киіз құрақтарын тең етіп буып-түйіп жатыр екен. Мән-жайды түсіндім. Алдында да бір әңгіме болып жүретін. Шынымды айтсам төбемнен жай түскендей болды.

– Қараталға көшеміз. Үлкен ағаң бізге үй алып қойыпты, барып от жақпасақ суып кетеді,- деді апам.
– Неге бәрі аяқ асты? – деп, бұрқылдап жүрдім.

Мынау қақаған қыста Қараталға көшуге менің зауқым мүлде жоқ еді. Мен бір зорлықпен айдауға кеткен адамның күйін кештім. Ауыл кемпірлері келіп апаммен, ал мектеп достарымыз менімен қоштасып жатты. Апам көзіне жас алды. Машина қара жолға шыға бере, мен де жылап жібірдім. Көлікте өкпелеп, апама еркелеп талай жылағаным есімде. Мектеп жанынан өте бере қолқама ащы бір өксік келді, тағы жыладым. Апам, кемсеңдемей отыр, – деп кез саусақтарымен бүйірімнен нұқып-нұқып қалды. Кіндік қаным тамған жерді қимай, балалық аңғал балғын көңілмен шынайы жылауым,- еді бұл. Кейін ойласам күлкілі, екі ауылдың ортасы жиырма бес шақырым ғана екен ғой. Бала кезде қайдан білгем оны? Мәңгі келмейтіндей болып көрінді. Балалық Майқапқа қазір де барғым келеді. Әттең, Майғап бұрынғыдай емес қазір.

Бұл әңгіме, Құрман ағамыздың естеліктерінің негізінде жазылған, жүректен шыққан. Сол кезде ағамызбен замандас болған Зайсан өңіріне қарасты Майқаптың, Қараталдың, Қабырғаталдың, Ақсудың адамдарына арналады.

Ағамыздың өлеңдерін жинақтап, биографиялық жинағын баспаға беру мақсатымыз бар. Осы орайда, көз көрген құрбы-құрдастарының үйінде жатқан өлеңдері болса, kurman@osken.kz адресіне жіберуді өтінеміз. 

error: Ескерту: Мақала көшіруден қорғалған !!