XI ғасырда, 1074 жылы “Диуани лұғат ат-түрік” атты еңбек жазып, өз заманындағы түркі тілдерінің тұңғыш ғылыми грамматикасын құрастырған адам – Махмұд Қашқари. Ол ұлы филолог, ауыз әдебиеті үлгілерін жинақтаған зерттеуші ғалым. Бұл ақпаратты қай сыныпта оқығанымды ұмытып қалыппын, бірақ оны кімнің айтқаны, ешқашан көз алдымнан кетпейтін сияқты?! Тіпті, көк партада отырып, өзімнің туған жылымнан сөздіктің шыққан уақытын алып, сарғыш ағаш сызғышқа жазып ойланып отырып қалғаным есімде қалыпты. «Не деген кітап, не деген жазушы» – деп, таңданып қалдым.
«Оқушының қоғамы – оның мектебі» деп, жиі айтатын сөзім бар еді. Бұл сөздің түпкі мағынасы осында жатыр. Оқушы кезімдегі мұғалім айтқан ақпарат, сол кездегі бала санамның білімге деген құштарлығын қатты қоздырған екен. Біздің де тарихты қалыптастыратын адам болғымыз келіп кетті …
Әр адамның өмір жолы ерекше. Жетістікке жетудің бір нақты ережесі жоқ. Бірақ, білім аясын жағалаған оқушы болашақта атасының ғана емес, һәм күллі адамзаттың баласы болатыны сөзсіз. Ал, білімнің бастауы мектеп қабырғасында жатыр.
Кезінде физика пәнінен беретін біздің мұғалім есіктен кіре бергенде жеті атамызды сұрайтын, біз жатқа айтып беруге тырысатынбыз. Ал, жаттап алған соң, сол сабақты апта бойы күтіп жүретінбіз. Сол кезде мұғалімнің талабы қатал болмаса, атамызға барып ештеңе сұрамаушы едік. Атамыз ерте қайтыс болып кетті. Бәлкім, қазір тегімізді танымай отырушы ма едік?
Желтоқсан айында биология пәнінің мұғалімі ағаштың қыста да өсетінін түсіндірді. Біз жақтың қары қалың, қысы суық. Бұл қызық болып көрінді. Сабақ біткен соң қоңыр портфелімді арқама асып алып, үйге қарай асықтым. Есіктің алдында мамыргүлдің бір түбі өсіп тұратын. Бір кішкентай бұтағын қиып алдымда мұғалім үйреткендей ыдысқа су құйып салып қойдым. Екі апта ішінде мамыргүл жапырақ жайып шыға келді. Бөлмеде тұрған гүлдің иісі әлі есімнен кетпеген сияқты. Әлгі жас өскінді қыстық каникулдан соң кеудеме салып, үсіп қалмасын деп, суықтан қорғап сабаққа алып бардым. Мұғалім риза болды, мақтады. Бес қойды. Әрине, осыдан кейін сабақты жақсы оқып, үйге берген тапсырмаларды қызығушылықпен орындайтын болдық.
Ағылшын тілін айтпағанда, бір ауыз орысша дұрыс сөйлей алмайтынбыз. Туған тілімізде шығарма жазу қиын болып көрінетін. Бірақ, біздің мектептің мұғалімдері мықты болған екен. Оны қазір түсініп жүрміз. Әңгіме барысында бір-екі мысал келтіруге тырыстым. Негізі, мектеп қабырғасында мұндай қызықты жағдайлар көп болған. Бұл енді өзінше бөлек әңгімелер…
Тоқсан сөздің тобықтай түйіні, ата-анасы баласына мектеп таңдайтын болса, қай мектептің ауласы кең екен деп іздемейді! Ол мектепте қандай мұғалімдер бар екен – деп, сұрастырады. Сондықтан, еліміздің болашағын қалыптастырып жатқан ұстаздарымыз аман, еліміз тыныш болсын. Әр елді мекенде осындай ұстаздар бар. Өмір бізді осындай мықты ұстаздардан оқытқанына алғысымыз шексіз. Біз сіздерді осы күні де сағынамыз. Бала жүрегінен орын тапқан барлық ұстаздарға арналады.
Бұл әңгіме бала кездегі естеліктердің негізінде жазылған. Бүгін қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Бақыт апайымыздың туған күні. Бақыт апай, сіз бақыттысыз. Өйткені, менің ғана емес, мыңдаған шәкіртіңіздің жүрегі мен санасына білім нәрін құя білдіңіз.