Үлкен жүректі азамат. Қоғамның әрбір салаларында болмыс-бітімімен, қайталанбас мінезімен сирек кездесер, өзінің туа біткен дарынымен оқшау көзге түсіп, бойындағы ізгі қасиеттерін ұлттың іргелі істеріне жұмсай білетін перзенттерімізді халқымыз қай кезде де шексіз қадірлеген. Иә, бұндай азаматтардың қатарына, абзал жан, ізетті іні, заманауи IT саласының білгір маманы, үлкен жүректі азамат Алмас Әділбекұлы Өскенбаевты жатқызуға болады.
Алмас Әділбекұлы сегіз қырлы, бір сырлы азамат. Ол тек ел сенімін арқалаған цифрлық технологияның білікті маманы ғана емес, ол егемен елдің намысын көтерер қызуқанды, отанжанды азамат. Ол нар жүгін көтерер ер. Екі айтпайтын, айтса қайтпайтын, ісі мен сөзі бір жерден шығатын жан. Достыққа берік, азаматқа серік, қатар жүрген достарына көрік жан, зерделі заманауи маман иесі.
Алмас Әділбекұлы қандай да күрделі мәселеге болмасын ол салғырттықпен қарамай, қызу араласып кетеді. Мәселені барынша терең зерделегендігінің және өзінің шебер де өткір, әрі батыл өрнектей алатын интелектуалдығының арқасында оның көтерген проблемалары аяқсыз қалмайтын. Әр іс шешімін тауып, көбінесе оңынан келіп жатады.
Алмас Әділбекұлы өмірде қарапайым, жақсылыққа қол ұшын беретін жомарт жүректі, кісілік келбетті азамат. Сонымен қатар, өлеңге әркімнің-ақ бар таласы дегендей, қаламының желі бар, проза және поэзия саласында да отты шығармалары бар, таланты терең тамыры жайлаған шығармашылық өнерде ойып алар орны бар, тума талант иесі. Жүрегінен шыққан отты жырлары сиясы кеппей жатып оқырмандарға ұсынылып, әр жүректе сезім отын маздатып жатады.
Шығармашылық адамының қаламы мен қиялында шек болмайды. Бірде, қыранның қанатында қияда қалықтаса, енді бірде, түпсіз шыңырау құдықтың түбінде, ананың мейірімінде, ғашықтардың жүрегінде, ұстаздың тәлімінде, әкенің тілегі мен тәрбиесінде жүреді. Осындай ұшқыр ойда жүретін Алмас Әділбекұлы талантты, ізденімпаз, өнерге жанашыр қаламгер, ұлы ақындар көшін жалғастырып келе жатқан тума талант иесі. Оның кісілік келбеті, кеңпейілділік, ақкөнілділік жақсылықтың жаршысы бола білу, үлкен азаматтық аршын, ерекше екпін, тұла бойын кернеген күш, адалдықпен ынтымақ пейілі, біз тауыса алмайтын қасиеттері, сөз жоқ таланттың терең тамырланған өнердің сыртқы белгі бедерлері ғана.
Тау шөксе де аласармайтын адамдық болмысы, қанатты тұлпардың қауырсынынан нәр алып, цифрлық және ақпараттық технологиядағы жетістіктері, шынайы шығармашылығынан туындаған көркем туындылары мен жүректен шыққан отты жырлары, сондай-ақ елі үшін атқарып келе жатқан еңбектері мен жасаған игі істері, көңілімізе үлкен жылулық оятып, талант пен өнердің хас шебері, Алмас Әділбекұлының шығармашылық қуатқа толы күш–жігерін, тәуелсіз еліміздің дамуына жұмсайтынына үлкен сенім арттырады.
Әбдіжапар Сапарбаев — «Нәзір Төреқұлов» Халықаралық қорының президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Ұлттық ғылым академиясының құрметті академигі, экономика ғылымдарының докторы, профессор