×
Menu

Оскенбаев Алмас Адильбекович

Home

Туған жердің иісі

02.06.2016

tugan_zher_topyragyБұл жердің қысы суық, қары қалың, қолға ұстасаң құм сияқты төгіліп, жел астында қалса кірпіштей қатып жатады. Қас қарайған кезде аулаға шығып, керіліп тұрып дем алсаң – өкпең ауылдың ауасына, ал құлағың табиғаттың тыныштығына тояды. Жан тыныштығын тұзақтап тұрған бір ғана жағдай бар. Ұлы Отан соғысының жалғасып жатқанына жылдан астам уақыт болды. Таңның атысынан, кештің батысына дейін төгіліп жатқан ауыл азаматтарының маңдай терісі – майданның қамы үшін еді. Ауылдың соңғы масағы ұн болып, төрт түлікке жатпайтын ешкінің жүні де жіп болып кетіп жатты.

Биыл майданға аттанған ауыл еркек кіндіктілерінің ішінде менде бармын. Өмірімде Семейден асып мал айдамаған, Қараталымның қара топырағына зар болардай әлден сағынып барамын. Асыққанда естелікке алатын, қолға түсер ештеңе болмай қалып еді. Там үйдің шарбақ қақпасын жауып тұрып, қазықтың түбіне тізерлей кеттім де, қар аралас топырақты жұдырығыма қысып иіскегенім есімде. Е, туған жердің құдіреті десеңші. Құнарлы топырағының иісі жаңа сауылған құнажынның сүт аңқиды. Ойсырап кете бергенім сол еді, Нүкеш – деп, шақырған дауыс естілді. Қарасам інім Мұхаметбек екен. Тері дамбалын кіндігіне тартып, күрсіне келе құшақтаған інімнің тынысы құлағыма ауыр естілді. Алақанымдағы топырақты жерге тастамай, бауыр қалтама салып жіберіп, інімнің сыртқа шығара алмаған өксігін басқандай болдым. Нүкеш деп мені, әкем еркелететін. Әкемнің әдеті бәріне жұғысып кеткенін айтсаңшы?

Ойлап қарасам, негізі майданға бара жатқанымды түк сезінген жоқпын. Ауданға барып, қайта оралып келетін сияқты болып тұрды. Бірге шыққан жігіттердің көзіне қарасаң да сол сияқты. Әйтеуір, арбада отырған ауылдастардың әңгімесі бір – үйде қалған бала-шағаның қамы. Бір тоқталып, бірге жалғасып, арасында құрдастары қалжыңдасып та отырды.

Үлкен Қаратал селосынан Зайсанға дейін отыз шақырымдай жер болатын. Біздің арба әскери комиссариатқа түс аудара жетіп, сол күні жоспарланған колоннамен жолға шығып кеттік. Майданға жеткенше темір жолмен көп жүрдік. Бекет аралықтарында жаяу жүрісімізде таусылмаған еді. Әскери бөлімдерге тарату нәтижесінде бірге келе жатқан қандас бауырлардың жанымда ешкімі қалмады. Әйтеуір бұрын совхозда бригадир болып жұмыс істегенімнің арқасында орыс тілінде еркін сөйлеуші едім. Майданға жеткенде механикалық колоннаға жауынгер-атқыш болып келіп, көп ұзамай жанармай таситын жүк көлігінің жүргізушісі болып тағайындалдым. Менің міндетім механикалық колоннаға жеткізілген жанармайды біздің бөлімдерге тасымалдау еді. Біз сияқты жүргізушілер майдандағы жауынгерлердің хатын да жеткізіп жүретін. Майдан хаттарын тасып жүріп, сол хатты өзім жазуға да уақытты таба алмаппын. Қайда барсамда ауылымды еске түсіретін сағынышты сәттерде төс қалтамда қалып қойған ауыл топырағын иіскеп жүруші едім. Шашылып қалмасын деп хозпакеттен шыққан ақ шытқа орап алып, сыртынан иіскеп, ал қатты сағынғанда ашып көретінмін. Е, туған жердің қасиеті десеңші. Қара топырағының өзі жайлаудың жусаны аңқиды.

Мәскеудің оңтүстік-батысына қарай неміс шабуылдары тойтарылып, қатынасу жолдары біраз ашылған еді. Дегенмен, орман арасында қалып қойған немістің бөлімдері көп болатын. Өз жеріңде емін-еркін жүре алмаудан құдай сақтасын! Қайта қазақтың даласына жау аяғы жетпегеніне рахмет. Біз жақта баттасып жатқан ормандар жоқ. Жау бізді тақыр далада қуалап жүріп қыратын еді. Қыстың суық ызғары мен орман табиғаты көптеген ұзақ шайқастардың белінен басатын. Жарылыс пен оқ атыс тоқталып, біраз тынышталып қалатын кездерде болушы еді. Тыныштық мерзімдерінде жарақат алған сарбаздарды санитарлық бөлімге тасымалдау және қажетті бағыттарға жанармай жеткізу шаралары іске асырылатын. Бірақ, қай уақытта басталып, қай уақытта аяқталатыны белгісіз. Әйтеуір, құдайдың бұйырғанымен жүресің?!

Е, ғажайып өмірдің ғанибеті десеңші. Жүргізіп бара жатқан көлігімнің терезесі шашырап кеткенін байқамай қалыппын. Жүрегім отқа түсіп, мұзға тығылғандай сезілді. Терезені тескен оқтарды кеудеммен қағып алыппын. Маған берілген тапсырманы орындадым. Бірақ бөлімге қайта жете алмадым. Сол жаққа қарай сұланып, көліктің ағаш есігінен сырғып түстімде, қалтамдағы ақ шытты ашып жіберіп туған жерімнің иісін иіскедім.

Әңгіме авторы: Оскенбаев Алмас Адильбекович

Бұл әңгіме атамызға арналады.

Өскенбаев Нүкен Кәкенұлы 1905 жылы ШҚО Зайсан ауданына қарасты Үлкен Қаратал селосында дүниеге келген. 1942 жылдың қазанында соғысқа аттанып, келесі жылдың наурызында Мәскеу облысының Воронова ауылында қаза тапқан. 2016 жылдың 19 мамырында ұрпақтарының аяғы жерленген жеріне жетіп, құран бағыштады.