×
Menu

Оскенбаев Алмас Адильбекович

Home

Ерулік

20.02.2022

Жаңадан көшіп келген қонысымыз «Каратальский» көшесінің бойында болатын. Қарасылақ үй, ағаш қақпа, шарбақ қоршау, аулада су алатын құдық пен кішкентай қора, қораның ішінде шағын баз болатын. Есіктің алдына шығып қарасаң, ауыл емханасы көрініп тұратын. Сыртта ойнап отырған кезде, қарындасым ақ халат киген қыздарға қарап, «Өскенде менде дәрігер боламын»- деуші еді. Әй, тәп-тәтті менің қарындасым…

Біз алған үйдің бір рахаты – орыс пеші бар еді. Пештің жалыны шығатын үстіңгі бөлігінде төсек тұратын. Апам күн ара таба нан пісіреді, от жағылады. Біз қақаған аязда далада ойнап, үйге келіп пеш төсекке таласатынбыз. Есімде жақсы сақталыпты, апамыз Қамар, кешке жақын бәрімізді қаз-қатар тұрғызып, жез тегенеге пештің үстіндегі мескейден жылы су құйып, кезек-кезек жуындырып жатқызатын. Апамның алақанын сағына бастаппын.

Бізге қарсы жоғары жақта Ысқақ деген атаның жанұясы тұрды, ал қалған көршілердің бәрі басқа ұлт өкілдері болатын. Гурчеков, Акимов, Шухрай, Тенерядин, Хайлюк, Воробьев дегендерді әлі ұмытқан жоқпын. Өйткені, балалық шақтың көптеген қызықты сәттері осы көршілермен тікелей байланысты болды. Бұл енді өзінше бөлек әңгімелер…

Бір күні Ысқақ атамыздың үйі бізді ерулікке шақырды. Бәріміз жиналып бардық. Есіктің алдында бізді бір апа күтіп тұр екен. Жүзі жайдарлы кісі болып көрінді. Күлімсіреп құшағын жайып апамды қарсы алды да: «Жаңадан көшіп, жапсарлас қонған көршілер, сіздерді ерулік қонақасына шықырдық, дәм-тұз татырып, ықылас-пейілімізді білдіреміз, төрлетіңіздер» – деді.

Үйге кірсек Ысқақ атамыз дастархан басында отыр екен, бізде барып жайғастық. Апамыз шайын құйып отырып: «Ерулік беру арқылы сіздерді етене жақындастыруды және бөтенсітпеуді көздейміз. Жаңа қоныста көмек қажет болса айтыңыздар, қолдан келгенше көмектесеміз» – деді. Апамыз ризашылығын білдіріп, үлкендер өзара әңгімелесіп отырды.

Бала кезде басқа үйдің тамағы дәмдірек сияқты болып көрінетін. Біз сүрленген қысқы соғымның сүбелі етінен дәм татып отырдық. Сүзбе құрт қосылған сорпаның дәмін айтсаңшы. Тілді үйіретін еді.

Ысқақ атамыз өз алдына сандыққа қарап сөйлеп отырды. Бір кезде, «Содрать шкуру», – деп айқай салды. Біз зәре құтымыз қалмай шошып кеттік. Ал апамыз сабырлы, салауатты адам екен.

– Әй, Ысқақ! Лепірмей дұрыс сөйле, үй артында кісі бар, – деп еді, атамыз сап тиыла қалды. Білісе келе аңғарғанымыз, атаның соғыстан қалған контузиясы бар екен.

Жалпы алпысыншы жылдары Сталин дәуіріндегі қорқыныш үрейден халық әлі де құлантаза айыға қоймаған кез болатын. Ол кезде демократия болды ма, болмады ма мен білмеймін, бірақ халық саясатты көп әңгіме қылмайтын. Ащылықты да, тоқшылықты да бірге көрген кеңпейілді түрлі ұлт өкілдері – биязы мінезді сол кездің адамдары-ай, десеңші. Көршілерде, мектепте де бізді жылы қабылдады. Даурығы мол, ойын сауықтың ортасына біз де тез бейімделіп кеттік.

Бұл әңгіме, Құрман ағамыздың естеліктерінің негізінде жазылған, жүректен шыққан. Сол кезде ағамызбен замандас болған Зайсан өңіріне қарасты Қаратал ауылының адамдарына арналады.

error: Ескерту: Мақала көшіруден қорғалған !!