Бала кезде ең бірінші көргенің есте жақсы сақталады екен. Мені ең бірінші ұшаққа отырғызған Анам болатын. Ал, көліктің рөліне Әкем отырғызған. Тауға барғанда атқа бірінші рет Мұхаметбек атам алдына алып, міңгестірген. Қараталда, түнде терезені ашып қойып Мұрат ағам шаптыртатын. Екі килограмм ирис кәмпитті «Огонек» дүкенінен Асылбек ағам сатып берген болатын. Шолпан мен Қарлығаш апайларымның омырауларын еміп өскен баламыз. Иә, бұның бәрі өзінше бөлек әңгімелер.
Бүгін сіздерге «Қара қайық» туралы айтып бергім келіп отыр. Ол қайық ағаштан жасалған болатын. Бас жағында, ортасында және аяқ жағында кішкене орындықтары бар. Сыртына қара смола ерітіп жағылған (Смоланың иісін айтсаңшы, әлі мұрынға келіп тұрғандай). Екі ағаш ескегі бар. Шанышқы сияқты темірлерімен қайыққа бекіліп тұратын. Қайықтың ішінде бір шөміш жататын. Қайықтың ішіне кірген су болса, сол шөмішпен сарпып алып тастайтын.
Дәл осы қара қайыққа, мені өмірімде ең бірінші Махамбет атам отырғызған болатын. Көктем бе, күз бе есімде жоқ, бірақ өзен суы қораның іргесіне дейін көтеріліп тұрған. Атамның үстінде өңі кетінкіреген сарғыштау ұзын плащ сияқты киімі есімде қалыпты. Сол кездегі бала көзбен қарағанда – Атам өзен суының, ондағы балықтардың патшасы сияқты көрінетін. Мені қайықтың алдына отырғызып, Атам есіп барды да, ауға түскен екі балықты судан алып шықты. Құлап қалмайын деп, екі қолмен қара қайықтың екі жақтауына жармасып отырып, біресе қайықта жыбырлап жатқан балықтарға қараймын, біресе бұрылып алдыға қарап отырдым. Бойыма жиналған қуаныш сезімін айтпайсың ба?! Қара қайық қанат қағып ұшып бара жатқан сияқты болды көрінді.
Мен атамның немересімін. Естуім бойынша, атам бала кезінде Ұлы Отан соғысына кеткен әкесін сағынып көрмей өскен. Артындағы бірге туғанын сүйрелеп өсірген. Шамасы келгенше әке орынын алмастыра білді.
Қазіргі заманда бір бала тапқан әке батыр. Ал, атамыз тоғыз баланы өсірді. Немереден шөбере сүйіп отырған ардақты адам. Балаларға жақын боламыз деп, ауылдан қалаға көшіп келіп, өмірдің жартысынан асқанда жаңа өмір бастаудан қорықпаған адамның бірі. Атамның өзі алты құрлықта болмаса да, ұлағатты тәрбиесін алған ұрпақтары мұхит асып, өмір сүруде. Ал, бұның бәрі бірінші Алланың, екінші атам мен апамның арқасы деп білеміз. Олар болмаса бізде болмаушы едік.
Біздің атамыз қария ақсақалдардың дарасы, аузы дуалы, сөзі уәлі һәм баталы. Біздің әулеттің алтын қазынасы. Ұрпақтарына дұрыс тәлім бере білген дана тәлімгер.