«Үш күндік жолдың бүгінгі, соңғы күніне бала шәкірт барын салды[1]…»
Заман өзгерді. Қазіргі кезде бір айлық ат үсті жолды бір сағатта ұшып өтуге болады. Дегенмен, романда суреттелген жас шәкірттің туған жерге деген сүйіспеншілігі, кіршіксіз нәр сезімі өзгерген жоқ. Бала шәкірт бұрынғыдай, өзінің мектебіндегі көк партасына асығып бара жатыр.
«Туған жер» дегенде, оның ойына сылдырлап аққан өзен суы емес, жаздағы жасыл даланы жусан аңқыған иісі емес, өзі оқыған мектебі және ұстаздары есіне келетін. Оқушы кездегі бала шәкірттің бал жүрегін аялап, ішкі дүниесін қалыптастырып, оның қуысынан қоныс тапқан оның қоғамы болатын. Оқушының қоғамы – оның мектебі.
* * *
Туған жерге бағыт алған бұл сапардың тізгінін ұстап келе жатқан «Игілік» журналының бас редакторы, «Қазақстан ұстаздары» қоғамының тәлімгері – Меруерт ханым болатын. Бұл адам өз заманының бет-бейнесін жырлайтын, әр кезеңде өмір сүріп келген жазушы әйелдердің дарасы сияқты көрінеді. Маған Мәскеуде берілген медальді[2] мектепке апарып тапсыру да осы кісінің ұсынысы болатын. Туған жерге бара жатқан ағасын сүйемелдеп, қасымызда қарындасым – Мөлдір де отыр. Олда М.В. Ломоносов атындағы мектебіміздің түлегі. Қазіргі кезде әль-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің оқытушысы, ғылым докторы. Алланың әлпештегені болар, Бауыржан мырза «Қазақ психологиясы» қоғамы атынан ат салысып темір тұлпарын жолға салды. Газбен жүретін көлік қозғалтқышының дыбысы шықпайды екен. Жол жақсы. Шығыс Қазақстан облысына кіргеннен бастап қар қытырын ғана естіп келеміз. Дегенмен, бұл өңірдегі ауыл мен ауылдың арасында жол болмаса адасып та кетуге болатын ұзақ жерде, газ таусылып қалатын сияқты болып отырады екен. Алыс сапардың жолын қысқартатын әйтеуір ортамыздағы әңгіме. «Бақадан басталған әңгіме ғарыштан аяқталды» деген сияқты, біздің әңгіме «Отбасы институтынан» басталып, Зайсанға теміржол салудан асып түсті. Ақсуаттан аса келе түн жамылған қыстың табиғатын, көлік терезесінің ішінен жарыққа шағылысып жақсы байқалатын жапалақтап жапқан қардың ғажайып көрінісі ашып отырды. Жасыратыны жоқ, жол ұзақ. «Қайда бара жатырмыз?» деген ойға беріліп үлгерген қонақтардың көңілі қаланың кіре берісіндегі жарқыраған жазуға келгенде ғана көтерілді. Ду қол шапалақтап алдық та қалаға кіріп кеттік.
Салтанатты сапар шегуге ықпалын тигізген адамдардың ниетіне рахмет.
* * *
«Әлемнің төрт бұрышындағы адамдардың менталитеті әр-түрлі, сан алуан. Бірақ, педагогтары бірдей. Жоқтан бар жасап, барыңды асырып, алақанына салып көтеріп алады. Рухани тұрғыда ешқашан аш қалмайсың». Мақала мәтініне қарап өзін тани алар, бұл да бір тәлімгер-педагогтың ой ортасында айтылған сөзі болатын.
«Нұр Отан» партиясы, аудандық білім басқармасы басқарған салтанатты жиын мемлекеттік мерекенің мерейлі ырғағымен ұйласып, аудан орталығының мәдениет үйінде ұйымдастырылды. Алақанға симай келе жатқан жүрек дүмпуі мәдениет үйінің босағасында қарсы алып алған ұстаздарымның құшағына бөленіп, аяулы орынын тапқандай болды. Бір сәтте тоқ сияқты өте шыққан рухани сезім уақытты шегеріп, қайтадан мектепке жетектеп алып келгендей қылды. Бұл да бір бақыт! Мектепке келгенде көптен бері көрмеген ұстаздарың бетіңнен сүйіп, құшақтарын жайып қарсы алып тұрса. Негізі сөзбен сипаттап жеткізуге келмейтін нәрсе, дегенмен, осындай сәттерді бөленген адамдар әбден түсінері сөзсіз.
«Ломоносов медалі» мен үшін құдайдың берген несібесі болды. «Ломоносов мектебін» бітіріп, оның атындағы медальдің иегері атануда да Алланың өзі жоспарлаған жолы бар шығар. Негізі мектеп бітіріп, білім жолын саралап жүрген кезде «Ломоносов медалін» аламын деген ой болған жоқ. Ресейдегі білім саласына қатысты өткізілген инновациялық технологиялар көрмесіне қатысудың өзі де, әбсәтте жүргізілген шаралар болатын. Кітапты заманауи құралдармен ұштастыра оқытуға арналған технологияны бізге дейін ешкімнің жасамағанын кім білген? 2015 жылдың 19 мамырында, Мәскеудің Ғылым ордасында әлемге әйгілі қызыл залдың кілемімен сан алуан ұлт өкілдерінен жиналған ғалымдардың шапалағын естіп, қазақ баласы болып сахнаға бағыт алып бара жатқанда да зор мәртебе сезілді.
Қазіргі кезде Мәскеуден шыққан медаль, Шығыс Қазақстан облысы Зайсан қаласында орналасқан М.В.Ломоносов атындағы мектептің мұражайында тұр. Бұл менің емес, менің ұстаздарымның және мектебімнің медалі. Сауат беріп, алақандарынан көгершіндей ұшырып, білім мәресіне бағыттаған ұстаздарымның еңбегінің жемісі. Заман өзгерсе де, ұстаздардың жүрекке құйған махаббаты өзгермес. Біздің артымыздағы оқушыларға – мақсат, мектебімізге – мақтаныш, ал әріптестерімізге – үлгі болсын! Тек ғана аудан емес, бүкіл еліміздің мектеп шәкірттері білімге құлшынып, түлектері туған жерге тағзым етуден үзілмесе біздің мектептер баяғыдан бері Мухтар Әуезов, Ыбырай Алтынсарин, Юрий Гагарин және тағы басқа атақты тұлғалардың атымен аталған медальдарға толып кетуші еді. Жүрекпен жазылған әңгіменің батасы баршамызға ой салсын. Қоғам болып, ел болып, бір мүдде, бір мақсатқа ұмтылсақ қазақ жерінің кең даласы игерілмей бос жатпасы сөзсіз.
* * *
1-ші желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесін атап өтуге байланысты және білім беру ісіндегі педагогикалық еңбек жетістіктері үшін Қазақстан Республикасының болашақ ұрпағын даярлау мақсатында сапалы білім беру ісіне саналы өмірлерін арнап келе жатқан тәлімгер ұстаздарымызды Шығыс Қазақстан облысы «Нұр Отан» партиясы Зайсан аудандық филиалының ресми ұсынысы негізінде “Қазақстан Ұстаздары” қоғамының құрметті мүшелері ретінде қабылданып, I дәрежелі “Қазақстан Ұстазы” медальдарымен Кошербаев Мұрат Слямбекулы, Кемелбаева Айгул Увалиулдановна, Масабаева Бақытгуль Дүйсековна, Ахметова Гульсун Қожамжарқызы, Қалиева Катима Мағапияқызы, Сегизбаева Айгуль Кыдырбековна, Жакебаева Бахыт Жагыпаровна, Нукиева Бактижамал Абылмажиновна, Турдыбекова Жибек Кабашевна марапатталды. Мерекелік мүмкіндіктердің аясында ұзақтан бері даярланып келе жатқан Зайсан аудандық журналының (www.zaysan.kz) тұсауы кесілді. Ғаламтор порталы ашылды.
* * *
Білім мен ғылым саласында орынын тапқан тұлға үшін өзі оқыған мектепке келіп, ұстаздарынан ақыл тыңдаған керемет екен. Психологиялық зерттеушілердің айтуы бойынша кез-келген ер адам өзінің әкесін қырықтан асқанда ғана іздей бастайды деген тұжырымға тәріздес. Ұстаздарды толық түсіну үшін өзің де ұстаз болуың қажет екен. Көптеген ой, алуан жоспарларды талқылап, шешілмеген сұрақтардың шешімін тауып қайттық. Оқушы болған кезде көп нәрсеге мән бермеген екенбіз… Әмбесінде, осындай қуанышқа әкеліп жеткізген мәдениет үйінде өткізілген мерекелік сценарийдің әсері болатын. Мектепке әкелердің алдында оқушылардың күшімен ұйымдастырылған менің балалық шағымның есте қалған көріністері еді. Мектепте бірге оқыған сыныптасым – Алия Жиенгельдиноваға хабарласып, есте қалған қызықты сәттерді сұрап алыпты. Тетелес өскен бұл қыздың да менің өмірімдегі рөлі зор еді. Жақсы оқуға тартып, білімге жетелеген үлгілі оқушы қыздардың дарасы болатын. Бұл да бөлек әңгіме. Жанұясы бақытты болсын!
Мерекелік шараның туын биік ұстап, мектепке келген түлектің абыройын асқақтатып, барлық өнерін ортаға салған Ломоносов мектебінің оқушыларына және олардың басын қосқан ұйымдастырушы ұстаздарға алғысымыз шексіз. Бұл жүрекпен жазылған әңгіменің жылуы сіздерге бағытталады.
[1] Үзінді. 3-ші бет. Абай жолы. Роман-эпопея. Бірінші кітап. – Алматы: «Жазушы» 2013.
[2] Алмас Әділбекұлы «Ақылды кітап» инновациялық жобасының негізінде Еуропалық ғылыми-өндірістік консорциумының шешімімен білім және ғылым саласындағы еңбек жетістіктері үшін Ресей Федерациясының астанасы Мәскеу қаласының Ғылым Ордасында «М.В. Ломоносов» атындағы медалімен марапатталған.